Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген арық ақсақ қара бала бір кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтай жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын»,- деген жалынышты үнін естимін. Әуелде біз, балалар, оның ертегі айтатынын білгеміз жоқ. Ол әжесі екеуі біздің ауылға қырық екінші жылдың жазында көшіп келген. Мал дегеннен, тек бұзаулы қоңыр сиыры бар еді. Аянның әкесі майданға аттанып, туған анасы содан екі ай бұрын қайтыс болыпты. Біздің ауылда әжесінің жамағайын төркіндері бар екен, соларды сағалап келсе керек. ...Біз, балалар, көшеде екіге жарылып ап, қағазға топырақ орап, бұрқылдата лақтырып, атысып ойнап жүргенбіз. Ары өтіп, бері өткен кемпір-шал: «Желкең қиылғырлар-ай, соғыс аздай, бұл атысып ойнады дегенді қайдан шығарды осылар, басқа ойын аз ба-ей!..» -деп ұрсып-ұрсып қуып тастайды. Бірақ олар кетісімен қайта жиналамыз. Қайта атысамыз. Желсіз тымырсық күнде бұрқылдаған май топырақ тұманша қалқып, шаңытып тұрып алады. Жуық арада сейіле қоймайды. Соның арасында тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз. Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» - Садық кілт тоқтай қап: − Әй, анау кім-ей? - деген. Бәріміз сол нұсқаған жаққа қарадық. Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден

жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды. Соның арасында тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз. Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» - Садық кілт тоқтай қап: − Әй, анау кім-ей? - деген. Бәріміз сол нұсқаған жаққа қарадық. Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды. Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлай жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді кимелеп, қоршалай, тұра қалдық. Үстіміздегі киімнің кімдікі қара, кімдікі ақ екенін біліп болмайды, баттасқан шаң-топырақ. Шетімізден ит талағанда алым-жұлым, алқа-салқамыз. «Бұл кім-ей? Қайдан келген-ей» деп бірімізді біріміз түртпектей береміз. Өзіне бастан-аяқ шұқшия қарап шықтық. Ол да сынағандай әрқайсымызды бір-бір шолып өтті. Біздің ұсқынсыз түрімізге көңілі толмаған сияқты шолақ танауын тыржитып қойды. Қоңырқай жүзі тершіп, маңдайындағы біркелкі етіп қиылған кекіл шашын үрлеп тұрды. Кекіліміз жоқ бізге оның сол қылығының өзі кереметтей сүйкімді көрініп, қызыға қарадық. − Кекілін қара-ей, өзінің, жаман әліне қарамай,- деп қағытып өтті Есікбай. Біз күлкіміз келмесе де оның сөзіне қошамет білдіріп сықылықтай күлдік. Жаңа келген бала қызараңдап теріс айналып кетті. − Ә... Мен білдім,- деді Садық мақтана дауыстап. Онан соң әлгі баланың алдын орай өтіп: - Ей, бала, сендер кеше көшіп келдіңдер ғой,ә? Қоңыр сиырларың бар ғой, ә? - деді.

− Иә, - деді томсырайып тұрған бала оның сөзіне күлімсіреп,− Қоңыр сиырымыз бар. − Атың кім? − Аян. Біз, бәріміз, тегіс ұмытып қалмайық дегендей: «Аян, Аян»... деп күбірлесе қайталап қойдық. − Жүр, жолдас боламыз,- деді Садық оның аппақ білегінен қап-қара қолымен ұстай алып. Аян оның қолына қарады да қызараңдап тұрып, ақырындап білегін босатты. − Сендер жақ суық екен. Суға түспей, қалай шыдайсыңдар?- деді. − Түсеміз. Анау арада тоспа бар. Жүр, түсейік. Суы во!..- деп Садық ауылдың жоғарғы жағындағы шұңқыр-тоспаны жерге сыйғызбай мақтай жөнелді. Аян бізге қосылып солай қарай жүрді. Ауылға жаңа бір баланың келуі біз үшін нағыз мереке болатын. Әрқайсымыз оның көзіне түсіп қалуға тырысушы едік. Сондықтан бірімізден-біріміз артық көрінбек боп, әй кеп мақтанатынбыз. − Мен судың астында алпысқа дейін санап жата аламын,- ... деп бөсті Садық. − Менің де мынандай ақ көйлегім бар. Үлкен сандықта жатыр, апам кигізбейді,- деді көп үндемейтін Қосым тырнауық та. Қосым төбелескенде ылғи баж етіп кеп бетті тырнайтын, сондықтан тырнауық дейтінбіз, өзінен көп балалар қорқатын. Оған тек Есікбай ғана тік келуші еді. Қазір де ол: − Ой, кетші ары, тырнауық мысық. Сенің үйіңде алтын барын да білеміз,- деп ентелеп келе жатқан Қосымды көкірегінен итеріп жіберді. Есікбай сидаң бойлы, қол-аяғы қара қайыстай қатқан ұзын, жүгіргенде алдына жан салмайтын, өзі төбелесқор, сотқар бала еді. Кейде қараптан-қарап келе жатып әркімге бір ұрынатын жаман әдеті бар. Әлі жеткенді аяқтан шалып қап, болмаса басынан тоқай алып жылатып жіберетін.

Қазір де ол Аянның алдында қыр көрсеткісі кеп: − Тырнағың қайсы-ей, мысық? - деп, Қосымды аяғынан шалып қалды. Қосым жалп етіп ұшып тусті де, терісі сыдырылған тізесін ұстаған күйі, көзі жасаурап қайта тұрды. Біраз жүргеннен кейін Есікбай оның басынан түйе тоқай ала бастады. Жылап жіберген Қосым тырнамақ боп ызақорлана ұмтылған, Есікбай оны ұзын қолымен тұмсықтата салып жіберді. Қосымның мұрнынан қан дірдектеп, бақырып үйіне кетті. Сол күні біз суға түсіп, күнге қақталып, кешке дейін тоспа басында ойнадық. Аян бұрыннан таныс адамдай етене боп кетті. Ол өте ақ көңіл, ақылды бала екен. Адамды іш тартып тұратын жайдары жүзі, не десең де тез көне кететін жұмсақ мінезі бізді бірден үйіріп әкетті. Ең жақсы қасиеті - ешкіммен төбелесіп, сөзге келмейтіндігі еді. Бір-екі рет кейбір шатаққұмар балалар тиісіп те көрген өзіне. Аян үндеместен қабағын түйіп, ондайлардан сырт айналып кетіп жүрді. Өзінің жауап қайыра алмағанына налығандай боп: − Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем әжем ұрсады ғой,- деп қойды ол. Алыс-жұлыс ойын үстінде күрескенімізде ол біразымызды жығып кетті. Тек Есікбайдан ғана жығылды. Алғашқы күннен бастап Аянмен етене жақын дос болуды әркім-ақ ойлай бастаған. Бірақ ол ешкімге ерекше ықылас білдірген жоқ. Бірімізден-бірімізді бөліп-жарған жоқ. Бәрімізбен де жақсы жолдас болды. Үш-төрт күн өткен соң, әбден үйренісіп алғаннан кейін ұрынарға қара таппай жүретін Есікбай басқа балаларға істейтін қылығын Аянға да істеді. Онымен төбелескісі келіп, өзінен-өзі жөнсіз тиісе бастады. Аян оған жасқаншақтай қарап:

− Қойсайшы енді,- деп күңкілдеген сайын, Есікбай ыржақтап кеп, қайта-қайта оның басынан тоқай алып, аяғынан шалып, мазасын кетірді. Ыза болған Аян ақырында: − Төбелесесің бе? - деген. Есікбай оны мазақтай түсіп: − Сенімен бе, қойшы-ей! - деп кеп, сілекейін Аянның бетіне жаға салды. Мұнан әрі шыдау мүмкін емес еді. − Мен бұл көшенің ортасында төбелеспеймін. Жүр анау сайға. Ел көрмейтін жерге барып төбелесейік,-деді Аян. − Қойшы-ей, мынау дөй ғой-ей,- деп Есікбай сілекейін Аянға тағы жақты.- Жүр, ал Есікбай көкеңнің жұдырығын иіскегің кеп тұрса. Ол енді Аянды итермелей түсіп, сайға қарай жүрді. Екеуінің төбелесін көру үшін соңдарынан біз де ердік. Сайға түскен соң Аян жейдесін шешіп, шеткі бұтаның басына ілді де, бірден Есікбаймен алыса кетті. Есікбайдың бойы онан анағұрлым биік еді. Екеуі шартпа-шұрт белдескен кезде, ол Аянды белінен қапсыра қысып, қайқайтып бойымен басты. Бірақ қанша күшенгенімен жығуға шамасы келмеді. Дереу бір қолымен Аянды кекілінен шап ете қап, шалқасынан гүрс еткізді. Жығып ап Аянның бет-аузына былшылдатып соға бастады.

Аян тырс етіп үн шығармастан, астында жатып құр қол-аяғын ербеңдете береді. Тек бір кезде Есікбай: − Ой-бай!..- деп баж ете түсті де, бір жағына қарай бұраңдап жығыла берді. Аян оның қолын бұрап жіберген екен. Енді Аян күш алды. Ол аузы қан-қан болып атып тұрып, Есікбайды алқымынан бүре түсіп, жер сүздіріп тұқырта берді. Өздері апыр-топыр қылған қара топыраққа Есікбайдың бет-аузын бір-екі рет көміп-көміп жіберген. Ойбай, болды, болды...- деп айқай салды Есікбай. Аян оның басынан аттап тұрып кетті. Ұшып тұрған Есікбай тағы да тап берген.

Аян оны белдесуге жібермей екі қолынан ұстай алды да, жата беріс тастап ыңқ еткізді. Бірақ үстінен басып соққан жоқ.